Аннотация
Отзывы
Ғылым әр қашан да алға қарай жылжу мен дамудың негізгі қозғалтқыш құралы болып табылады. Ғылыми тұрғыдан даму әртүрлі эксперименттер мен солардың нәтижелерін конференцияларда баяндау мен тиісті журналдарда жариялау арқылы іске асады. Сол себепті арнайы ғылыми зерттеулер жүргізіп, олардың нәтижелелерін мақала ретінде жазып шығу — өте маңызды іс. Бір ескертетін жайт — мақаланың өзіне тән жазу ерекшеліктері мен рет-тәртібі болады. Қолыңыздағы бұл кітапта сол рет-тәртібі мен өзіндік заңдылықтармен сізді таныстыратын боламыз. Бұл кітап жасанды интеллект саласы бойынша ғылыми- зерттеу жұмыстарын жазуға үйретеді. Бұл кітаптан алған білімдеріңізді ақпараттық технология салаласының өзге де тармақтарында қолданып, мақала жаза алатын боласыз. Бұл кітапта мақаланың келесі бөліктері толығымен түсіндіріледі: "Мақаланың тақырыбы", "Авторлар тізімі", "Аңдатпа", "Кілтті сөздер", "Кіріспе", "Әдеби шолу", "Зерттеу әдістемесі", "Негізгі бөлім", "Нәтиже және оны талдау", "Қорытынды", "Пайдаланылған әдебиеттер". Оқырманға барынша түсінікті болу үшін, қосымша мысалдар келтіріп отырдық. Бұл кітапта негізгі мәселе ретінде “Суреттің эстетикалық әсемдігін тереңдеп үйрету арқылы баға беру” ғылыми-зерттеу жұмысын ұсына отырып түсіндіреміз. Кітап соңында сол мақала үлгі толықтай жазылып көрсетілген. Қолыңыздағы бұл кітаптың басты мақсаты — сіздерге ғылыми тұрғыдан жоғары дәрежелі және халықаралық деңгейдегі мақалалар қалай жазылатынын өз ана тілімізде, яғни қазақ тілінде түсіндіру. Бұл оқу құралын оқып, өз ғылыми зерттеулеріңіз бойынша ағылшынша ғылыми мақала жазып, оларды тиісті журналдарға немесе арнаулы конференцияларға жібере аласыз. Кітап соңында конференциялар мен журналдарды қалай таңдап алу керектігін көрсететін арнайы нұсқаулықтар берілген. Сонымен бірге мақала жазу барысында Google Scholar, LaTeX сияқты құралдармен қалай жұмыс істеу керектігін де түсіндіретін боламыз. Кітаптың соңында постер мен слайдтарды қалай жасау керектігі мен ғылыми этикаға шолу жасаймыз